Денсаулық

Тегін тексеріл немесе қатерлі ісіктен сақтан!

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте сатыда анықтау мақсатында облыста «Бұл қолжетімді!» атты ұранмен 2-11 ақпан аралығында онкүндік өткізіледі. Облыстық әкімдікте өткен баспасөз жиынында дәрігерлер қатерлі іскке қатысты мәселелерді ортаға салды.
Онкүндік өткізудегі мақсат — онкологиялық аурулардың алдын алу және дертті дер кезінде анықтау, жұртшылыққа скринингтік тексерудің маңыздылығын түсіндіру. Жиында ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ізбасқан Аймағанбетов 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының халық денсаулығын жақсартуға тигізген септігін және осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, 2008 жылдан бастап ересектер мен балалар арасында скринингтік тексерулер жүргізіле бастады. Қазіргі күні облыста бұндай тексерудің он бір түрі жүргізіледі. Оның ішінде тұрғындар онкологиялық аурулар, яғни жатыр мойны обыры, ұйқы безі, бауыр, асқазан, өңеш пен колоректалды обыр ауруы бойынша тексеруден өтеді. Өткен жылы 103082 адам тексерілген. Республика бойынша 2008 жылдан бастап 7,5 миллион адам тексеріліпті.
Аталған бағдарламаның басты мақсаты — онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім санын азайту болса, осы бағытта жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы жылдары осы дерттен көз жұматындардың қатары азайған. ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, республика бойынша жүз мың тұрғынға шаққанда қатерлі ісікке шалдыққан ауру көрсеткіші 193,6 пайызды көрсетіп отыр. Облыстық М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығының онкология кафедрасының меңгерушісі Әріп Қойшыбаев қатерлі ісік ауруының 50-60 пайызы салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбаудың салдарынан пайда болатынын айтты. Оның ішінде дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, семіздік, В гепатиті мен паппилома вирусының туындауы секілді көптеген жайттар қатерлі ісік ауруына әкелуі мүмкін.
Қазіргі таңда елімізде және облыста сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр.
— Аурудың қандай сатысында болсын, емдеуге мүмкіндік те, әрқайсысына лайықты дәрі-дәрмектер де бар. Мәселен, әйелдердегі сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігін алдын ала анықтау мақсатында жыл сайын тұрғындар арасында тегін скрининг өткізіліп тұрады. Осы скрининг арқылы әйелдер маммографиядан өтіп, гинеколог, онколог мамандардың кеңесін алады. Сырқат белгісі ерте анықталса, қатерлі ісікті емдеп жазуға болады. Скринингтің тиімділігі мынада — қатерсіз ісікті алдын ала анықтайды. Ал егер сырқат дер кезінде белгілі болмаса, қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігі алғашқы сатысында емге көнеді. Қазір медицинаның мүмкіндігі көп. Тіпті сүт безін алып тастаған жағдайдың өзінде оны имплант орнату арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Сондықтан бұндай дертке шалдыққандар салы суға кетіп, ауруға мойынсынуларына болмайды. Бастысы, өз денсаулығына бейжай қарамау керек. Уақытында дәрігерге қаралып, скринингтік тексеруден өтіп тұрғаны жөн, — деді Әріп Қойшыбаев.
Жиынға келген дәрігерлер облыс медицинасының алғашқы сатыдағы қатерлі ісікті емдеп-жазуға толық мүмкіндігі бар екенін, осы мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Химиотерапия, иммунотерапия секілді бірнеше емдеу түрі мен дәрі-дәрмектердің барлығы тегін беріледі. Мәселен, облыстағы гепатология орталығының жетекшісі, облыс бойынша штаттан тыс бас инфекционист, медицина ғылымының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазин В, С гепатиттеріне шалдыққан бір адамды емдеу үшін үш миллион теңге бөлінетінін айтты.
— В және С гепатиттерін анықтауда скринингтік әдістің пайдасы өте зор. Себебі бұл ауруға шалдыққан науқастар ұзақ уақыт бойы өзінің ауыратынын білмейді. Бауырға нықтап бекінген вирустар ағзаға біртіндеп шабуыл жасайды. Егер дер кезінде анықталмаса, оны емдеу қиынға соғады. Скринингтік тексеру кезінде гепатит жұқтырған азаматтар тіркеуге алынып, жан-жақты тексеріліп, ем жүргізіледі. Егер бауырда қатерлі ісіктің бар екені байқалса, онколог мамандармен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Облыс орталығынан бөлек аудандарды да аралаймыз. Орталықта науқасты медициналық тексеруден өткізуге барлық жағдай жасалған, білікті мамандардың да қатары толық. Дегенмен тұрғындар тарапынан кездесетін қиындықтар да жоқ емес. Көпшілігі біздің дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарап, шетелде емделгісі келеді. Бұл жерде бір ескеретін жайт, гепатитті емдеу тәсілі барлық елде бір хаттама бойынша жүргізелді. Гепатиттен емделмек болып Астанаға, Алматыға, тіпті Еуропа мен Израильге барсаңыз да, жүргізетін емі бізбен бірдей. Бір айырмашылығы, оларда барлығы ақылы түрде болады. Жылына екі рет хаттама бойынша әлемдік жиын өткізіледі. Егер емдеу тәсіліне қандай да бір өзгеріс енгізілсе, ол міндетті түрде осы жиында жарияланады. Сондықтан науқастар қаржысын өзге елге шашпай әрі уақыт жоғалтпай, жергілікті жерде емделегені жөн. Егер бұл жердегі дәрігерлер қатерлі ісікке қатысты емдеу мүмкіндігінде қандай да бір қиындықтар орын алса, Астана мен Алматы қалаларына жібереді. Сол жерде науқастың жағдайы талқыланады. Егер ауруды емдеуге еліміздің мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана сырт елге жібереді, — деді Мейрамбек Құрманғазин.
Облыстағы гепатологиялық орталық 2010 жылы ашылды. Бес жыл бойы жүргізілген диагностикалық жұмыстардың нәтижесі бауыр трансплантологиясын жасауға мүмкіндік беріп отыр. Биыл екі науқасқа бауыр ауыстыру отасын жасау үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баспасөз кеңесінде облыста онколог мамандардың жетіспейтіні де айтылды. Қазіргі күні Шалқар, Мұғалжар аудандарында маман тапшы. Сондай-ақ, мамандар біліктілігін көтеру мақсатында шетелде оқып келеді. Өткен жылы тоғыз маман Израильде білім алды. Мәселен, аталған елде біліктілігін арттырған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығында еңбек етіп жүрген медицина ғылымдарының кандидаты, онкохирург-маммолог Нұргүл Кереева дәрігерлердің сырт елде білім алуына ешқандай кедергі жоқ екенін айтты. Олар жас айырмашылықтарына қарамастан білім алуға мүмкіндік мол. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша да сырт елге баруға болады.
Жиында денсаулық сақтау саласының үздігі Марат Көзденбаев, «Ақтөбе облыстық отбасылық дәрігерлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Татьяна Острецова, «Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның басшысы Дәмеш Қайдарова секілді білікті дәрігерлер қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жасалып жатқан шараларды сөз етіп, тұрғындардың онкүндік аясында тексеруден өтулерін ескертті. «Мейірім Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Несібелі Қарымсақова:
— Тұрғындар ешнәрседен бейхабар, бейқам жүрмесе екен. Олар бір мезгіл өз денсаулықтарына мән беріп, тексерілсе екен дейміз. Осы онкүндікте белсенділік танытып, өзі бар, көршісі, туған-туысқаны бар — бәрі де бірі-біріне айтсын, Ашық есік күндері емханаға баруға үгіттесін. Аурудың алдын алу деген — осы. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар дегім келеді, — деді.
Онкүндік аясында барлық емдеу мекемелерінде ашық есік ұйымдастырылады. Кардиолог, эндокринолог, пульманолог, гинеколог, онколог дәрігерлер кеңес береді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button